Пан Ги Мун Ирактағы көне ескерткіштерді сақтап қалуға шақырды
АСТАНА. ҚазАқпарат - БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун халықаралық қоғамдастықты «Ислам мемлекетіне» Ирактағы тарих пен мәдениеттің көне ескерткіштерін жоюға жол бермеуге шақырды.
"Бас хатшы халықаралық қоғамдастықты лаңкестік топтың мұндай әрекетіне қарсы тұрып, мәдени артефакттарды сақтап қалуға шақырады", - делінген бас хатшылықтың баспасөз хабарламасында.
БҰҰ Бас хатшысының мәлімдемесінде мәдени ескерткіштерді қасақана жою әскери қылмыс болып табылады және кінәлі адамдар жауапкершілікке тартылуы керектігі жазылған.
Жексенбі күні Ирактың көне қаласы - біздің эрамызға дейінгі 717 жылы іргесі қаланған Дур-Шаррукинге залал келтірілді. Ал бейсенбіде «Ислам мемлекетінің» содырлары ежелгі ассириялық Нимруд қаласының ескерткіштерін жойғаны белгілі болды.