Пан Ги Мун Оңтүстік Кореядағы президент сайлауына түспейтін болды
АСТАНА. ҚазАқпарат - БҰҰ-ның бұрынғы бас хатшысы Пан Ги Мун Оңтүстік Корея президенттігі үшін болатын сайлауға түспейді. «Мен саясаттан кетемін. Көп адамдарды үміттендіргенім үшін кешірім сұраймын», - деді ол парламенттегі баспасөз мәслихатында консервативті партияның басшыларымен кездескеннен кейін.
Қаңтар айында АҚШ билігі БҰҰ-ның бұрынғы бас хатшысының жиені мен інісіне айып тақты. Олар лауазымды тұлғаға пара беріп, Вьетнамдағы ғимарат кешенін алу үшін жемқорлық жасады деп айыпталуда.
2016 жылдың желтоқсан айында Оңтүстік Корея парламенті ел президенті Пак Кын Хенің айналасындағы жемқорлық дауына байланысты импичментті бастауға дауыс берді. Президентті қызметінен босату туралы шешімді Оңтүстік Кореяның Конституциялық соты қабылдайды. Істің қаралу мерзімі кем дегенде жарты жылға дейін созылады.
Оңтүстік Кореяның Конституциялық сотындағы дауыс беру нәтижесі бекітілсе, жаңа президент сайлауы өтеді.