Пан Ги Мун: Сирия халқына бейбітшілік қажет
АСТАНА. 5 қыркүйек. ҚазАқпарат - БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун сириялық дағдарысты бейбіт шешу қажеттігін айтты. Бұл туралы ол кеше Санкт-Петербор мемлекеттік университетінде дәріс оқыған кезде мәлім етті, деп хабарлады Росбалт.
Пан Ги Мун бұл елдегі азаматтық соғыс 100 мыңнан астам адамның қазаға ұшырауына, дінаралық шиеленіс ушығуына, миллиондаған адамның өз үйлерін тастап кетуіне, сондай-ақ бүкіл аймақта тұрақсыздыққа әкеп соққанын еске салды.
БҰҰ басшысы жақындағы ұрыс қимылдары кезінде «химиялық қару қолданылғаны» туралы шу шыққандығын атап өтті.. Егер химиялық қарудың пайдаланылғанын БҰҰ Миссиясы қуаттайтын болса, онда бұл халықаралық құқықты өрескел бұзғандық болады, деп санайды бас хатшы.
Пан Ги Мун сириялық дағдарысты саяси жолмен шешуге тырысуға уәде берді. «Қару тасқыны және милитарландыру жанжалы қантөгіске дем береді. Соғыс қимылдарын тоқтатып, келіссөздерді бастайтын кез келді. Сирия халқына бейбітшілік керек», деген оның сөзін келтірді БҰҰ жаңалықтар орталығы.
Бас хатшы әлемдегі қазіргі дағдарыстарды шешу жөніндегі міндеттемелермен қатар ұзақ мерзімді міндеттерді де естен шығармау қажеттігін атап өтті. «Оларды кейінгі ысыру - жағдайды одан әрі қиындатып, үлкен шығындарға бару деген сөз. Біз өртті сөндірумен шектеліп қана қоймай, жарқын болашақ негіздерін бүгіннен қалай бастауға тиіспіз», - деп мәлімдеді Пан Ги Мун.