Панаманың бұрынғы диктаторы қайтыс болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Панаманы 1983-1989 жылдар аралығында басқарған генерал Мануэль Норьега 83 жасында қайтыс болды. Бұл туралы AFP агенттігі үкіметтің өкіліне сілтеме жасап мәлімдеді, деп хабарлайды ТАСС.

Панаманың бұрынғы диктаторы қайтыс болды

«Норьега мырза бүгін түнде көз жұмды», - деді агенттіктің дереккөзі.

Панаманың президенті Хуан Варела Twitter-дегі парақшасында генералдың өліміне қатысты: «Мануэль Норьеганың өлімі біздің тарихымыздың бір бөлімін жапты»,- деп пікір білдірген.

Бұрын хабарланғандай, бұрынғы көшбасшы бас сүйегіне бірнеше ота жасатып, жасанды комаға түскен болатын.

Мануэль Норьега 1983-1989 жылдары Панаманы басқарып, АҚШ-тың араласуымен биліктен шеттетілді. Ол оппозиция жақтаушыларын жаппай өлтіргені үшін айыпталды. 2011 жылы бұрынғы көшбасшы Франциядан Панамаға экстрадицияланып, түрмеге қамалды. Панама соты қаңтар айында Норьеганың бас сүйегінде ісік болуына және оған ота жасалуына байланысты бұрыңғы басшыны үй қамауына ауыстыруға рұқсат етті.