Пандемия ауылға кімнің жанашыр екенін көрсетіп берді – Берік Дүйсембинов

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары, Мәжіліс депутаты Берік Дүйсембинов ауыл әкімдерін сайлау жүйесін бекіту туралы Мемлекет басшысының тапсырмасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Бұл мәселе бүгін ғана көтеріліп отырған жоқ. Ауыл әкімдерін сайлау туралы бастаманың өзіне 7-8 жыл болып қалды. Қазіргі ауыл әкімдерін сайлаушылар – мәслихаттар. Президенттің беріп отырған тапсырмасы мен қолданыстағы ауыл әкімдерін сайлау жүйесінің арасы жер мен көктей десек болады. Мысалы, қазір ауылдың әкімі болып кім сайланып жатыр? Мәслихаттың ұсынғаны, аудан әкімінің айдауына жүретін, зейнетақыға шығып қалған немесе өмірлік тәжірибесі аз азаматтар бүгін де ауылдарды басқарып отыр. Ал, енді болашақта Президенттің беріп отырған тапсырмасы қандай? Ол сол ауылда тұратын, өз ауылын көркейтуге мүдделі, жаны ашитын азаматтар ауылдарға сайлануы керек», - деді Берік Дүйсембинов бүгін ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Депутаттың айтуынша, пандемия ауылға кімнің жанашыр екенін көрсетіп берген.

«Ауылға дәрі-дәрмек пен тамақ тасып, ағайынның өмірін алып қалып жатқан – сол ауылдың азаматтары. Бірақ олардың көпшілігі әкімдікке сайлау кезінде өтпей қалған азаматтар. Өйткені ресми түрде біраз шектеу бар. Себебі сол ауылға жаны ашитын, өресі кең азаматтар белгісіз себептермен өтпей қалады. Сол үшін халық ауыл әкімдеріне сенімсіздікпен қарайды. Сондықтан нағыз елдің азаматын сайлау үшін - әділ сайлау болуы керек», - деді ол.

Берік Дүйсембинов тәуелсіз ауыл әкімінің аудан немесе облыс әкімдерімен келіспеушілігі болуы мүмкін екенін айтады.

«Осы мәселені шешу керек. Ел сайлаған әкімді ешқандай әкім жұмыстан шығарып тастай алмайды. Әділ сайлаумен мықты азаматтарды алар болсақ, сапалы ұлт болуға қол жеткізе бастаймыз. Ауылды тек аттап өтетін баспалдақ ретінде пайдаланатын адамдар келмеуі керек. Халқымыздың жартысы ауылда тұрады. Ауылдардың ерекшелігін ескере отырып, азаматтарды әділ сайлауымыз керек», - деді ол.


Фото: akzhol.kz


Соңғы жаңалықтар