Пандемия бізге саясатты қайта қарау керектігін көрсетіп берді - Эльвира Әзімова

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Пандемия бізге саясатты қайта қарау керектігін көрсетті. Мұндай пікірді «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» азаматтық форумы барысында ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Эльвира Әзімова білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Пандемия бізге саясатты қайта қарау керектігін көрсетіп берді - Эльвира Әзімова

«Бұл - Орталық Азия аренасындағы үшінші форум. Өткен жылы іс-шара коронавирус эпидемиологиялық жағдайына байланысты онлайн форматта өткен болатын. Бүгінгі форумның күн тәртібінде бірқатар мәселелер көтерілді. Бәрі өзекті. Әсіресе, пандемия бізге саясатты қайта қарау керектігін көрсетті. Бұл бюджеттен қаржыландыруға қатысты. Алайда, бұл ҚР Конституциясында көрсетілген міндеттемелерге теріс әсер етпеуі тиіс. Біріншіден, мемлекеттің әлеуметтік бағытын дамытуға назар аударылады. Өйткені Конституцияда адам құқықтары мен бостандықтары - мемлекеттің ең жоғары құндылығы деп көрсетілген»,- дейді Эльвира Әзімова.

Бұған дейін адам құқықтары жөніндегі Еуропалық Одақтың арнаулы өкілі Имон Гилмор барлық мемлекеттер жалпыға бірдей адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын құрметтеу қағидасын ұстануы керектігін айтқан болатын.

Айта кетейік, Алматыда «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» азаматтық форумы өтіп жатыр.

Шараға Орталық Азияның бес мемлекеті мен Еуропалық Одақтың делегациясы қатысып жатыр.