Пандемия кезінде 500-ден астам түркістандық кәсіпорынға мемлекеттік қолдау көрсетілген

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің жаңартылған құрамымен кездесті. Жергілікті жас кәсіпкерлер көрмесіне қатысқан өңір басшысы жаңадан іс бастаған кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасалғанын атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Пандемия кезінде 500-ден астам түркістандық кәсіпорынға мемлекеттік қолдау көрсетілген

Аймақ басшысы кәсіпкерлермен кездесу барысында жеңілдетілген қаржыландыру шеңберінде Түркістан облысында 48 млрд теңге жұмсалып, пандемия кезінде 500-ден астам кәсіпорынға мемлекеттік қолдау көрсетілгенін жеткізді.

«Бүгінде бизнестің де бағыттары жаңаруда. Соған сәйкес өзгертулер орын алу керек. Әсіресе озық та қабілетті жастар өсіру керек. Жастарға бизнеспен айналысудың жолын көрсеткен Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен, Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде көптеген бизнес жобалар сәтті жүзеге асуда. Біз Түркістан өңірінде заманауи жаңа идеяларды, туризм, өндіріс салаларын жаңғыртатын жаңа жобаларды тартамыз, қолдаймыз»,-деді Өмірзақ Шөкеев.

Аймақ басшысын «Бастау» жобасына қатысушылардың арнайы көрмесімен таныстырған өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Нақыпбеков атқарылған жұмыстың барысын баяндап өтті.

Бүгінде облыста жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны бүкіл әлемді әбігерге салған пандемияға қарамастан оң көрсеткішке ие. Бұл өсімде ҰКП «Бастау» жобасы түлектерінің де үлесі аз емес.

«Елдегі шектеу шараларына қарамастан палата мамандары кәсіпкерлерге көрсетілетін қызметтерді тоқтатқан емес. Бұрын қызметтер офлайн көрсетілсе, жағдайды ескере келе онлайн қызметтерге де басымдық берілді. Кәсіпкерлер палатасының кеңесшілері 11 айда кәсіпкерлік субъектілеріне 13 711 кеңес берген. Бұдан бөлек, «Бастау» жобасы аясында 3676 түлек оқудан өтіп, оның 1 500-і 11 60,2 млн тг қаржыландырылған», -деп атап өтті палата басшысы.

Отырыстаөңірлік кеңес мүшелері облыс басшысын өнеркәсіптік парктер құру жөніндегі жобаларымен таныстырды.

Білім саласындағы жаңаша бетбұрыстар, бірегей өндіріс, инновациялық технологиялардың түрлерін дамыту және Түркістан облысында ұлттық такси қызметін құру бойынша ерекше жобалар облыс әкімі тарапынан қолдау тапты.

Кәсіпкерлердің айтуынша, сенімді басқару білім мекемесі мен өндіріс арасындағы қолайлы көпір болып табылады, бұл студенттерді ауыл шаруашылығының тыныс-тіршілігімен таныстыруға мүмкіндік бермек.

Өз кезегінде облыс басшысы әкімдік тарапынан кәсіпкерлерге олардың жаңа жобаларын жүзеге асыруда тиісті қолдау шаралары көрсетілетінін баса айтты.