Пандемия жарияланғалы Қазақстанға қай елдерден гуманитарлық көмек келді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «СҚ-Фармация» ЖШС-нің басқарма төрағасы Берік Шәріп әлемде пандемия жарияланғалы бері Қазақстанға қай елдерден гуманитарлық көмек келгенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Пандемия жарияланғалы Қазақстанға қай елдерден гуманитарлық көмек келді

«Жыл басынан бері Сыртқы істер министрлігі жүргізген жұмыстардың арқасында АҚШ-тан, Біріккен Араб Әмірліктерінен, Қытай, Үндістан, Пәкістан, Ресейден гуманитарлық көмек алдық. Сапасы мен саны жағынан көмек сипаты әртүрлі болды. Мәселен кейбір елден жеке қорғаныс құралдары жеткізілсе, кейбер елден дәрі-дәрмек келіп жатты. Мәселен соңғы реттік саны бойынша Түркия Қазақстанға біршама дәрі-дәрмек жіберді», - деді Берік Шәріп Денсаулық сақтау министрлігінің Facebook парақшасында берген сұхбатында.

Оның айтуынша, гуманитарлық көмектің ауқымы кең.

«47 мың қорғаушы комбинезон, жарты миллионға жуық маска, COVID-2019 ауруын анықтайтын 80 мыңға тарта тест жүйесі, коронавирусты емдеуге арналған дәрі-дәрмекті, гидрослихлорин, хлорино-фосфат, төрт қабатты маска да келді», - деді ол.

«СҚ-Фармация» ЖШС-нің басқарма төрағасы осы көмектің бәрі де қажеттілікке қарай өңірлерге таратылғанын хабарлады.