Панфиловшылар саябағындағы үлкен шұңқыр көпшіліктің наразылығын туғызды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 28 Панфиловшы паркінде ауқымды реконструкция жұмыстары басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Панфиловшылар саябағындағы үлкен шұңқыр көпшіліктің наразылығын туғызды

Жөндеу жұмысына көңілі толмаған тұрғындар әлеуметтік желіде өз ойын жеткізіп жатыр. Атап айтқанда, парк аумағында қазылған шұңқыр елдің наразылығын туғызды .

Әкімдіктің жайлы қалалық орта басқармасы бұған қатысты түсінік берді. Олардың айтуынша, бұл шұңқыр қосымша резервуар ұстау үшін қазылған.

«Парктің суғару жүйесін үздіксіз сумен қамтамасыз ету үшін абаттандыру жобасында қосымша резервуар орнату қарастырылған. Қазіргі таңда ауданы - 12/9/4,85 метр, көлемі - 300 текше метр болатын резервуар орнату басталды» деді басқармадан.

Бұл жоба «Жұмыспен қамту» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр.

«Жоба 2018 жылы жасалды. «ГСГ Высотник» ЖШС-мен келісімшарт жасалды. Биыл 28 Панфиловшы саябағын қайта жаңғырту жобасы қайта қаралды. Жобалық-сметалық құжаттама өзгертіліп, қаражат қайта есептелді. Кейбір аса қажеті жоқ шығындар қысқартылды. Атап айтқанда, субұрқақ құрылысы, балалар мен спорт алаңдары салынбайтын болды. Тротуар тастары 60 пайызға ғана төселеді. Қазір парк мүлкінің ақау актісі бар. Соған сәйкес әбден тозығы жеткен дүниелер ғана ауыстырылады. Инспекция жұмыстары барлық мүліктің жартысынан көбі ауыстыруды талап ететінін көрсетті», - деді басқармадан.

Атап айтқанда, арық жүйесі 1980 жылдардан бері ауыстырылмаған. Ал арық науалары аса қатты тозбағандықтан, оларды ауыстыру кейінге қалды. Бұл қаражатты үнемдеуге мүмкіндік берді.

Жоба бойынша 111 жарықтандыру тұғырын ауыстыру көзделген.

«Оңтайландыру нәтижесінде тек қатты шіріген 21 тұғыр ауыстырылатын болды. Бұл мұнаралар 2020 жылдың маусымында «Алматы қала жарық» компаниясы өкілдерінің қатысуымен алынып тасталды. Қалғанында тек шамдары ауысады» деді басқармадан.