Пара алған, есірткі сақтаған: елорда әкімдігінің қызметкері сотталды
АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласы әкімдігінің Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының еңбек қатынастары бөлімінің бас маманы Т. пара алған және ірі көлемде есірткі сақтағаны үшін сотталды. Үкіммен келіспеген сотталушы апелляциялық шағым түсірген.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты 2024 жылғы 24 қазанда Астана қаласы әкімдігінің Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының еңбек қатынастары бөлімінің бас маманы Т.-ға 15 млн теңге сомасында айыппұл түріндегі үкім шығарды.
Ол Қылмыстық кодекстің 366-бабының 2-бөлігі (пара алу), сондай-ақ 296-бабының 3-бөлігі бойынша (ірі мөлшердегі психотроптық заттың аналогы меткатинонды (эфедронды) заңсыз иемденген және сақтаған) кінәлі деп танылды.
Сонымен қатар «М» ЖШС директоры Г. Қылмыстық кодекстің 367-бабының 2-бөлігі бойынша лауазымды тұлғаға ірі мөлшерде пара бергені үшін сотталып, 6,6 млн теңге сомасында айыппұл салынды.
- Сондай-ақ сотталғандарға мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымды қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыру түріндегі қосымша жаза тағайындалды. Сот Т.-ның еңбек қатынастары бөлімінің бас маманы, яғни мемлекеттік еңбек инспектор бола отырып, «М» ЖШС-ға қатысты бұрынғы жұмыскшысының шағымы бойынша тексеріс жүргізбегені және жауапкершілікке тартпағаны үшін «М» ЖШС-нің директоры Г.-дан 250 мың теңге пара алғаны анықталды, - делінген елорда соты шығарған үкімде.
Одан бөлек, Т. 2024 жылғы шілдеде Астана қаласында салмағы 0,08 грамм (ірі мөлшер) меткатинон (эфедрон) психотроптық затының аналогын заңсыз сатып алып, заңсыз сақтаған.
- Сотталған Т.-ның адвокаты үкіммен келіспей, апелляциялық шағым түсіріп, тағайындалған айыппұлдың мөлшерін азайтуды сұрады. Астана қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен тағайындалған жаза Қылмыстық кодекстің жалпы бөлігінің талаптарына сәйкес келетіндіктен бірінші сатыдағы соттың үкімі өзгеріссіз, апелляциялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылды, - деп хабарлайды елорда сотының баспасөз қызметі.
Үкім заңды күшіне енді.
Таяуда Қызылордада сотталған адамға кәмпит ішіне жасырылған есірткі өткізбек болған азаматша ұсталған еді.