Пара алу кезінде ұсталған Қарағанды облыстық ТЖД бастығының орынбасары айыппұл төлеуге дайын
Қарағанды қалалық №1 Қазыбек би аудандық соты хабарлағандай, Вадим Магамадовқа қатысты қылмыстық іс сот өндірісіне келіп түсті.
«Қылмыстық іс судья Жұмағұл Шөженовтың өндірісіне түскен. Ол қысқартылған ретпен, яғни куәгерлерден жауап алмастан қаралатын болады. Себебі жауапкер Магамадов прокуратурамен өзінің кінәсін мойындайтындығы және айыппұл түріндегі жазаға тартылатыны туралы процессуалдық келісім жасасқан», - деп хабарлайды аудандық сот.
Магамадов өз кінәсін толық мойындап, пара сомасынан 60 есе көлемінде, яғни 12 миллион теңге төлеуге келіскені белгілі. Ол қазір АК 159/1 тергеу оқшаулағышында қамауда отыр. Департамент бастығының орынбасарына екі айып - ҚР ҚК 366-бабының 2-тармағы «пара алу» және 361-бабының 2-тармағы «Лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану» бойынша айып тағылды.