Пара-армрестлингтен әлем чемпионы Павел Никифоров Паралимпиада жаттығу орталығында болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Пара-армрестлингтен әлем чемпионы Павел Никифоров Паралимпиадалық жаттығу орталығының жұмысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ол пара атлеттерге әрқашан өздеріне сеніп, алға қойған мақсаттарына жетуге тілектестік білдірді.

6 қарашада жанкүйерлер елорданың әуежайында пара-армрестлингтен әлем чемпионы Павел Никифоровты қарсы алды. Спортшы 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 12 кездесу өткізіп, финалда Ресей өкілін жеңіп шықты.

«Әлем чемпионаты өте қиын болды, қарсыластар әлемнің түкпір-түкпірінен келді. Жарыста мені Қазақстан қолдады. Біздің елімізден адам көп болды. Біз бір-бірімізді қолдадық. Бұл менің әлем чемпионатындағы алғашқы жетістігім. Осыған дейін Қазақстан және Азия чемпионаттарында алтын медальдар жеңіп алғанмын. Келесі жарыс — Қазақстан Чемпионаты — наурызда әлем біріншілігіне іріктеу болады. Менің екі дүркін әлем чемпионы болғым келеді. Өз жеңісімді анама арнаймын, бүгін оның туған күні», - деді Никифоров.

Павел 12 жастан бастап спортпен айналысады және әлем чемпионатындағы алтын медалі үшін 22 жыл еңбек етті.

Әлем чемпионатына дейін ол Қазақстанның үш дүркін және Азияның екі дүркін чемпионы болған.

Павел Қарағандыда тұрады, сонда жұмыс істейді.

«Спорттан бөлек, мен KazMetiz металл зауытында жүк тиеуші болып жұмыс істеймін. Әлем чемпионатына баруыма көмектескен зауыт директорына алғысымды білдіремін», - деді Никифоров.

Қазақстан құрамасы Румынияда өткен армрестлинг және пара-армрестлингтен Әлем чемпионатында ел қоржынына 134 медаль салды. Жалпы нәтиже бойынша, Қазақстан құрамасы 2 орында: 51 алтын, 40 күміс және 43 қола.

Жарысқа әлемнің 54 мемлекетінен 1400 спортшы қатысты.

Мүмкіндігі шектеулі қол күресшілеріміз 8 алтын, 7 күміс және 11 қола медаль жеңіп алды.

Соңғы жаңалықтар