«Парақор мемлекеттік қызметкерлер ұсталып жатыр»- республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 18 тамыз. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі 18 тамыз, бейсенбі күні республикалық басылымдарда шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Парақор мемлекеттік қызметкерлер ұсталып жатыр»- республикалық басылымдарға шолу

***

«Астанада сыбайлас жемқорлыққа белшесінен батқан мемлекеттік қызметкерлердің саны артып келеді. Қаржы полициясы органдары бұны, ең бірінші, өз қызметінің тиімділігімен байланыстырса, екінші жағынан, халықтың құқық қорғау жүйесіне деген сенімнің артқандығы ретінде қарастырып отыр. Қалай десек те, астаналық қаржы полицейлері соңғы алты айда сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар 74 мемлекеттік қызметкерді ұстап, олардың 15-сін соттап үлгерді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, екі есе артық», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті бүгінгі санында жарық көрген мақалады. Еліміздің елордасында орын алып жатқан осынау бір кесел жайында тереңірек «Парақор мемлекеттік қызметкерлер құрықталып жатыр» деген мақаладан оқып біле аласыздар.

«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында медицина ғылымының докторы, профессор Қадырбек Рамазанмен арадағы сұхбат «Медицина саласына саясатты араластырмай, тек ғылымның өресімен дамытқан ләзім» деген тақырыппен жарық көрген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Медицина саласы саясатқа емес, ғылымға негізделгені ләзім. өтйкені кез келген елдің медицинасындағы жетістігі - оның өркениеттік қана емес, экономикалық-әлеуметтік жетістігі саналады. Сондықтан да, осы салаға тұтастай бетбұрыс жасау арқылы елдің ертеңгі даңғыл жолын да даралауға тиіспіз. Бұл - ертеңге ысырылмайтын, бүгін жасалатын дүние», - дейді.

***

Жалпы Қазақстан туристік тұрғыдан алып қарағанда қай жағынан болса да тартымды. Танымдық, этникалық, экологиялық, ойын-сауықтық, сауықтыру, спорттық, балаларға арналған, аңшылық, атбегілік, құсбегілік, тағы да ары қарай тізбектеліп кете береді. Тек осы мүмкіндікті біз жүйелі түрде пайдалана алмай жатқандаймыз. Ішкі туризмнің ақсап жатқаны жиі айтылады. Туристік компаниялардың көбі алыс та жақын шет мемлекеттерге туристік жолдама әзірлеуден арыға аспайды. Ішкі туризмді дамытудың ең басты кілті - біздіңше, реті келсе мектеп оқушылары мен студенттерге еліміздің тарихи орындарына туристік сапарлар ұйымдастыруды қолға алу. Міне, дәл осы мәселені көтерген «Айқын» газеті бүгінгі нөмірінде «Балалар туризміне көңіл бөлсек қайтеді?» деген тақырыппен мақала басып отыр.

«Адамның басы - Алланың добы» десек, дүниеде ең ерекше жаратылған доп - осы болса керек-ті. Білгенге Алла бар сезім мүшелерін, адам денесін басқару «пультін», ағзаға қажетті «жанар-жағармайды» қабылдайтын қақпаны да осы бастың үлесіне беріп қойған. Бірі кемістік етсе, бүкіл дене ақсайды. Десе де, бастың қадіріне барып жүрміз бе? Көз, құлақ, мұрын, тіл, тіс - қай-қайсысының да қызметін молынан пайдаланғанымызбен, күтіміне келгенде, кержалқаулаумыз. Қадірін қойып, оның құпияларын да біле бермейміз-ау осы. Ендеше, «Айқын» газетінің бүгінгі «Баста да талай қызық бар...» деген тақырыптан өзіміз өмір бойы өңгеріп жүретін басымыздың біз біле бермейтін қырлары жайында тереңірек мағлұмат алыңыз.

***

«Астана ақшамы» газетінің жазуынша, кеше елорда әкімінің орынбасары Аида Балаеваның төрағалығымен денсаулық сақтау басқармасы ана мен нәресте өлімін азайту жөніндегі қалалық штабтың отырысы өтті. Жиында ағымдағы жылдың 7 айында жасалған жұмыстардың қорытындысы шығарылды. «Отырыста ана мен ніресте өлімін азайту және болдырмау үшін ең алдымен стационарлар мен перзентхалардың және алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдарының өзара байланысы болу қажеттігі айтылды. Аталған мекемелердің жұмысын оңтайландыру үшін арнайы регламент талқыланып, бекітілді», - деп жазады басылым.

***

«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, Өскемендегі тау-кен металлургиялық жабдықтар конструкторлық бюросы 400 мың теңге көлемінде алғашқы роялти алды. Мекемеге алғашқы роялти «Қазмырыш» компаниясымен арадағы технологиялық келісімге сәйкес шахталық желдеткіш өндірісін жолға қойғаны үшін берілді. Конструкторлық бюро қажетті конструкторлық құжатнамасын сатып алып, оны бейімдеді және желдеткіш көрсеткішін жақсарту үшін өзгертті. Атап айтқанда, бұған дейін қолданылып келген құрама қанатты желдеткіштің орнына тұтас құйылған нұсқасын әзірледі. Бұдан әрі бюро «Турбомаш» ЖШС-мен бірлесіп, желдеткіштің ВМЭ-5, ВМЭ-6, ВМЭ-8 түрлерінің өндірісін ұйымдастырды. Алғашқы партия тапсырыс беруші «Қазмырыш» компаниясына жеткізілді. Нәтижесінде конструкторлық бюро 400 мың теңге көлемінде алғашқы роялти алды», - деп түсіндірді аталған бюроның директоры Мират Құсманов.