Парақорлық: Эквадордың экс-президенті отбасы, бауырларымен қоса сотталды
АСТАНА. KAZINFORM – Эквадордың бұрынғы президенті Ленин Морено қытайлық компаниядан пара алғаны үшін бес жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Euronews.
73 жастағы Морено сот үкімін жариялау кезінде залда болды. Денсаулығына байланысты жүріп-тұруы қиындағандықтан, ол жазасын үйқамақта өтейді. Экс-президент Рафаэль Корреа билігі тұсында вице-президент қызметін атқарған кезде жемқорлық схемасына тікелей қатысқаны үшін кінәлі деп танылды.
Тергеу мәліметінше, Морено қытайлық компанияға су электр станциясын салу жөніндегі келісімшартты алуға көмектескені үшін пара алған.
Оның әйелі мен қызы, екі ағасы және қайын ағасы да қылмысқа қатысушы деп танылды. Мореноның әйелі мен қызы 30 айдан бас бостандығынан айырылды. Сотталғандар 90 күн ішінде заңсыз алған қаражатынан үш есе көп соманы қайтаруға тиіс.
Осылайша, Морено жемқорлық үшін сотталған Эквадордың үшінші бұрынғы президенті атанды. Бұған дейін Рафаэль Корреа 2020 жылы парақорлық ісі бойынша сегіз жылға сотталған. Ол бірнеше жылдан бері Бельгияда тұрады. Экс-президент Хамиль Мауад та 2014 жылы мемлекеттік қаражатты мақсатсыз пайдаланғаны үшін сегіз жылға бас бостандығынан айырылған.
Прокуратураның мәліметінше, 2008-2018 жылдары елде қытайлық Sinohydro компаниясы жүзеге асырған жобаның құнынан 4% көлемінде пара жинаған жемқорлық желісі жұмыс істеген. Қаражат ұлттық және халықаралық транзакциялар арқылы мемлекеттік қызметкерлер мен басқа да тұлғаларға бөлінген. Олардың арасында Морено да болған.
Sinohydro 2010 жылы құны шамамен 2 млрд доллар болатын «Кока-Кодо-Синклер» су электр станциясының құрылысын бастады. Нысан 2016 жылы Эквадорға берілгенімен, кейін оның құрылысындағы ақаулар сынға ұшырады.
Морено 2007 жылы Рафаэль Корреа үкіметінде вице-президент болып, 2013 жылға дейін осы қызметті атқарды. 2017 жылы президент сайлауында жеңіске жетіп, Эквадорды басқарды.
Еске сала кетсек, 2017 жылы Эквадорда вице-президент пара алғаны үшін алты жылға сотталған еді.
Ал 2023 жылы Эквадор парламенті экс-президент Гильермо Лассоны жемқор деп таныды.
Ал былтыр көктемде Перудің бұрынғы президенті мен оның әйелі 15 жылға бас бостандығынан айырылғанын жаздық. Сол жылы қараша айында Перудің тағы бір экс-президенті Вискарра 14 жылға сотталды.