Паралимпиада-2018: Қазақстандық Александр Герлиц «қолаға» бір қадам жетпей қалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Кореяның Пхенчхан қаласындағы Паралимпиада-2018-де қазақстандық шаңғышы Александр Герлиц 47:54.4 минут нәтижесімен төртінші орын алды, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА.
Александр Герлицке қола медальге 43 секунд жетпей қалды. Соған қарамастан, қазақстандық шаңғышы Қазақстан шаңғы жарысының тарихындағы ерлер-паралимпиадашылар арасында үздік атанды.
«Бүгін қазақстандық паралимпиадашылар үшін маңызды күн. 1994 жылдан бері шаңғы жарысынан және биатлоннан Қазақстан құрамасының қоржынында бір де бір медаль мен жоғары нәтиже болмаған. Араға 24 жыл салып, біздің спортшылар жоғары нәтижеге қол жеткізді: біздің Александр Герлицті норвегиялық спортшы небәрі 40 секундқа басып озды», - деп пікір білдірді ҚР Ұлттық Паралимпиада комитетінің баспасөз хатшысы Гүлнәр Джейлан.
Айта кетейік, қазақстандық паралимпиадашылар үшін сыйақы мөлшері тек медальға қарастырылмаған. Солтүстік қазақстандық Александр Герлиц 4-ші орын үшін 30 мың АҚШ долларға, оның жаттықтырушысы Василий Коломиец де 30 000 долларға ие болады.