Паралимпиадашы Ержан Сәлімгереев Берлиндегі Әлем кубогы бәсекесінде топ жарды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Пара жүзуден әлемнің ең мықты спортшылары кезекті рет Германияда бақ таластырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Паралимпиадашы Ержан Сәлімгереев Берлиндегі Әлем кубогы бәсекесінде топ жарды

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Ілияс Шайхиевтің айтуынша, 50-ден астам елден 550 спортшы 32-ші дәстүрлі Берлиндегі әлем кубогында өзара мықтыны анықтауда.

Жарыстың алғашқы күні ұлттық құрама сапында бұған дейін де әлемдік жарыстардың жеңімпазы атанып жүрген атыраулық паралимпиадашы  Ержан Сәлімгереев 100 метрде баттерфляй әдісімен жүзуде 1:21,61 нәтижесімен қарсылас шақ келтірмей чемпион атанды.

Тағы бір спортшымыз,  Қазақстан Республикасының жүзуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР Ұлттық құрама командасының мүшесі Дмитрий Ли 200 метрде еркін әдіспен жүзуде күміс жүлдеге ие болды.

Айта кету керек, Ержан мен Дмитрий  мамыр айында өткен Қазақстан чемпионатында үш бірдей қашықтықта жеңіске жеткен болатын.

Бүгінгі нәтижесі арқылы жерлесіміз жазғы Азия ойындарына жолдама ұтып алды.