Паралимпиадашы Колядин Президентке: Әр бастамаңыздың артында мыңдаған тағдыр тұр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Пхенчханда өткен Паралимпиада ойындарының жеңімпазы Александр Колядин ел Президенті болу - үлкен ерлік екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүкіл қазақстандықтардың мені қолдағаны үшін алғыс айтқым келеді. Паралимпиада ойындарында Қазақстанды қазір танып қана қоймай, сыйлайды. Бұл өте маңызды. Сондықтан, бұл менің ғана жеңісім емес, бүкіл қазақстандықтардың жеңісі. Нұрсұлтан Әбішұлы, біз сізден көп нәрсені: мақсат қоя білуді, өз халқың мен мемлекетіңнің алдындағы жауапкершілікті сезінуді үйренеміз. Менен «Кедергілерді қалай жеңесің?» деп жиі сұрайды. Өмірімде көп қиындық болды. Апат, аяғымның ампутациясы, жұмыссыздық... Бірақ, бұның бәрі алға қарай жылжуға кедергі келтірген жоқ», - деді Колядин елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өтіп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVІ сессиясында.
Паралимпиада ойындарының чемпионы өз өмірінде де спортта да бәрі бірдей тегіс болмағанын айтты.
«Сочиден кейінгі сәтсіздіктен соң қайта көтерілу күрделі болды. Әрдайым қолдау көрсеткен командама, бапкеріме көп рахмет. Сіздің әлеуметтік бес бастамаңыз үшін рахмет. Әрбір бастамаңыздың артында мыңдаған адамдар мен тағдырлар тұр. Біздің адамдар керемет. Бүгінгі жиында залда шынында да батырлар отыр. Олардың әрбір күні - ерлік. Олар: құтқарушылар, өрт сөндірушілер, полиция қызметкерлері мен құрылысшылар... Олар өз өмірін құрбан ете отырып, біздің амандығымызды, балаларымыздың саулығын ойлайды. Оларды құттықтап, алғыс айтуға рұқсат етіңіздер», - деген ол Елбасыға өз ризашылығын жеткізді.
Осы кезде залда отырған күш құрылымдарының қызметкерлері орнынан тұрды. Өз кезегінде Мемлекет басшысы оларға алғысын білдірді.
«Бейбіт күнде де ерліктерге орын бар. Себебі, жігіттер осы жылы ерлік жасай білді. Олардың бәрі осында отыр. Сіздерге рахмет!», - деді Елбасы.
Айта кетсек, елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVІ сессиясы өткізілді.
«Бес әлеуметтік бастама - қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры» деген күн тәртібімен басталған сессия жұмысына 1 500-ден астам адам қатысуда. Олардың қатарында елдің барлық өңірлерінен келген Ассамблеяның ардагерлері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, ЖОО ректорлары, шет мемлекеттердің дипломатиялық миссияларының, ғылыми, шығармашыл зиялы қауымның және БАҚ-тың өкілдері бар.