«Парамен ұсталған қызметкерінің әрекеті үшін басшының отставкаға кетуін заңмен бекіту керек пе?» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 24 ақпан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 24 ақпан, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
Дағдарыс құрсауына тұмшаланған әлемдік экономика тұралап тұр. Жаһандық экономикалық дағдарыстың беті қайтар емес. Дүниежүзінің білгір де білікті экономистері онымен күрестің тиімді жолын іздеп, титықтап бітті. Алайда, тығырықтан шығар соқпақтың сүрлеуі табылар емес. Құрлықтың бәрін құрсаулаған бұл экономикалық күйзелісті сарапшылар сан-саққа жүгіртіп, дағдарыстың бірінші толқыны, дағдарыстың екінші толқыны деген сияқты болжамдар жасауда. Ақиқатында әлем экономикасын күйзеліске ұшыратқан бұл құбылыс 2008-2009 жылдардағы америкалық ипотекалық дағдарыстың созылмалы салдары сияқты. Мұхиттың арғы жағынан бастау алған сол қаржы дағдарысы кәрі құрлықтың көне мемлекеттерінің дамыған экономикасын тұралатып тынды. Осы әлемдік дағдарыс жайлы және елімізде дағдарысқа қарсы атқарылып жатқан шаралар жайлы «Егемен Қазақстан» газетіндегі «Әлем экономикасы тығырықта тұр» деген тақырыптағы мақаладан біле аласыздар.
Елбасының биылғы халыққа Жолдауында білім беру саласына, тәрбие мәселесіне, әсіресе орта мектеп, одан кейінгі оқыту ісіне ерекше мән бергені белгілі. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газеті Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім беру департаментінің директоры Жаңыл Жонтаеваны әңгімеге тартқан. Басылымның барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Ұлттың ұлт болып қалыптасуы үшін тілі мен діні, жері қаншалықты маңызды болса, оның рухани дүниесі де соншалықты мән-мағынаға ие. Бүгінде сапалы білім алу мәселесінің мәні артуда. Оны жаңа сапаға көтеру - қоғамдық мәселеге айналуда. Жолдауда адами капиталдың сапалы дамуына баса назар аударылып, оқыту процесіне қазіргі заман талабына сай технологиялар мен әдістемелерді енгізу, педагогтар сапасын көтеру, оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту, тәрбие мәселесін күшейту бағыттары нақты қарастырылған», - дейді. Сұхбат «Талапқа сай білімді бекемдеу міндет» деген тақырыппен берілген.
***
Биыл ауыл шаруашылығы министрлігі астықтың рекордтық көрсеткішін орындауға тырысып жатқан жоқ. Әрине, оған, біріншіден, өткен жылғы жағдай - бидайдың біраз бөлігі элеваторларға сыймай, далада қалып, рәсуа болғаны әсер етсе, екіншіден, алдағы екі жылға арналған жаңа бюджеттің жобасы себеп болған сыңайлы. Үкімет осы салаға бөлінетін қосымша қаражатқа мал шаруашылығын дамытуды көздейді. Содан болар, ағымдағы жылы егістік алқаптарының біраз бөлігі қысқарады. Дегенмен, Ауыл шаруашылығы министрлігі биылғы астықтың көлемі өткен жылдардың дәрежесінде болады деп болжап отыр. Биылғы егіс жұмыстарына әзірлік, көктемгі су тасқыны мен оңтүстікте белең алған аусыл індеті туралы мақаланы «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санынан оқи аласыздар.
«Парамен ұсталған қызметкерінің әрекеті үшін басшының отставкаға кетуін заңмен бекіту керек пе?» «Алаш айнасы» газеті өзінің тұрақты «Ой-көкпар» айдарында қоғам мүшелеріне осындай ой тастайды. «Бұдан былай парамен қолға түскен қызметкерлерінің қылмыстық әрекеті үшін мемлекеттік мекемелердің басшылары отставкаға кетуі керек» деген пікірді бұған дейін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Байменов мәлім еткен болатын. Заң жобасы алдымен сәуір айында Үкіметтің қарауына түседі. Басылым бұл мәселені бұрын да көтерген еді. Енді осы тақырыпқа байланысты Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов пен саясаттанушы Айдос Сарым пікір таластырады.
***
«Отандық нарықтың басқа салаларына қарағанда, қаржылық қызмет көрсету секторының ахуалы мәз еместігі белгілі. Әйтсе де, онда соңғы жылдары негізгі көрсеткіштердің (жиналатын сақтандыру сыйақыларының көлемінен басқа) тұрақты өсімі байқалуда», - деп жазады «Айқын» газеті жұма күнгі санындағы «Өсім бар, ал функционалдық мүмкіндіктер баяғы деңгейде», деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, Ұлттық банктің қаржы нарығы жұмыстарын реттеу және бақылау жөніндегі комитетінің мәліметтеріне сәйкес сақтандыру ұйымдарының саны өткен жылы 40-тан 38-ге түсті. Қазіргі кезде (2012 жыл басында) өмірді сақтандыратын - 7, автокөлік қаражаттарының иелерін міндетті сақтандыру бойынша - 26 ұйым бар екен. Сонымен бірге, сақтандыру қызметі рыногында 14 сақтандыру брокері мен 84 актуария жұмыс істеуде. Өткен жылы сақтандыру ұйымдарының жиынтық активтері 13 пайызға өсіп, қаржысы 387,7 млрд теңгені құраған. Жеке капиталы 10,8 пайызға өсіп, 231,2 млрд теңге болып отыр.