Парамен ұсталған шымкенттік прокурор мен тергеушінің соты басталды
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте пара алу кезінде ұсталған арнайы прокурор мен тергеушіге қатысты сот отырысы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Абай аудандық сотында қаралып жатқан процесте Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасына қарасты арнайы прокурорлар басқармасының прокуроры Ниязов пен Абай аудандық полиция бөлімінің тергеушісі Аманқұловқа қатысты Қылмыстық кодекстің екі бабымен айып тағылды. Бұл туралы бүгін Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының судьясы Бүркіт Байдуллаев мәлімдеді.
Судьяның айтуынша, прокурор мен тергеушіге Қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-бөлігі «Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу» және 366-бабы 3-бөлігінің 1-2 тармақтарымен «Пара алу» (қорқытып алу жолымен, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен) айып тағылып отыр. Алғашқы сот отырысы 14 қараша күні басталды.
Сондай-ақ, брифингте құзырлы орган мен қадағалаушы орган өкілдерінің нақты қандай қылмыс жасағаны айтылды.
«Айыпталушылар «Компания Шымкент минерал» ЖШС-нің директоры Тұрабаев салықтарды төлеуден жалтарғаны және заңбұзушылық пен жалған кәсіпкерліктің белгісі бар деген уәжбен осы іс бойынша тиісті жауапкершілікке тартылатындығын ескертіп, одан 2 млн теңге сыйақы талап еткен. Аталған айыпталушылар осы сыйақыны Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасына қарасты арнайы прокурорлар басқармасының ғимаратының қызмет бөлмесінде алу барысында ұсталған», - деді судья Бүркіт Байдуллаев.
Естеріңізге салайық, ағымдағы жылдың 24 шілдесінде прокуратура қызметкері мен тергеуші 2 миллион теңге пара алу кезінде Бас прокуратураның Ішкі тергеу департаменті мен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл бюросы қызметкерлерімен ұсталған болатын. Оларға ҚР Қылмыстық Кодексінің 366-бабы 3-бөлігінде көзделген қылмыс құрамына сәйкес (адамдар тобының алдын ала сөз байласу арқылы пара алу) бойынша іс қозғалып, бірыңғай сотқа дейінгі тергеп-тексеру тізімінде тіркелген еді. Ұсталған прокуратура қызметкері Шымкент қаласының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған. 