Параны «айфон» күйінде алған аудан әкіміне сот үкімі шықты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласы Байқоңыр ауданының әкімі Асқар Есіловке пара алғаны үшін 15 млн теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Параны «айфон» күйінде алған аудан әкіміне сот үкімі шықты

«Аудан әкімі 2019 жылдың қараша айында Нұр-Сұлтан қаласындағы «Байқоңыр» ауданының аумағын абаттандыру бойынша қосалқы мердігерлік жұмыстарды алуға көмектескені, сондай-ақ жалпы қамқорлығы үшін жеке компания өкілінен «IPHONE»-ның соңғы үлгісі түрінде пара алды деген күдікке ілінген», - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 1-ші департаментінің аға тергеушісі Данияр Бекайдаров елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Аудан әкімімен бірге қылмыстық жауапкершілікке «Dory build» ЖШС өкілі С.Нұртазин де тартылған. Тергеу барысында күдіктілер кінәсін мойындаған.

«Есіл аудандық №2 сотының үкімімен Есілов 15 млн 450 мың теңге және Нұртазинге 7 млн 725 мың теңге сомасында айыппұл салынды. Олар өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылды», - деді аға тергеуші.