Парашютшілер мінген ұшақ апатқа ұшырады
НЬЮ-ЙОРК. АСТАНА - Джорджия штатының шығысында болған ұшақ апатында америкалық әскери инструкторды қосқанда төрт адам қаза тапты. Бұл туралы жексенбі күні Fox News телеарнасы хабарлады.
Деректерге қарағанда, сенбі күні шағын ұшақ Свайнсборо қаласына таяу маңдағы аэродромның жазғы алаңына құлап, қираған. Бортта ұшқышты қосқанда бес адам болған. Олардың төртеуі қаза тауып, біреуі ауруханаға жатқызылды.
Мерт болғандардың ішінде АҚШ армиясының Golden Knights парашютшілер жасағының сержанты Александр Бахритцевич бар. Ол қызметтік міндетінен тыс болған. Мұны осы жасақтың қолбасшылығы өздерінің Facebook парақшасында растады. Олардың деректеріне қарағанда, Александр Белоруссияның тумасы.
Апаттың себебі әзірге айтылмай отыр.