Параспортқа қолжетімділік: депутат спорт нысандарын түгендеуді ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде мүгедектігі бар 743 мыңнан астам адам тұрады. Алайда олардың арасында спортпен тұрақты айналысатындар саны 66 мыңға жуық. Осы мәселеге орай депутат Айсұлу Сүлеймен Туризм және спорт министріне сауал жолдады.
- Бүгінде Қазақстанда 743 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады. Оның ішінде 124 мыңнан астамы – балалар. Алайда спортпен тұрақты айналысатындар саны шамамен 66 мың адамды ғана. Бұл медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ адамдардың небәрі 19,5 пайызы, яғни спортпен айналысуға мүмкіндігі бар әрбір бес адамның төртеуі тұрақты жаттығуларға қатыспайды. Бұл елімізде 26 мыңнан астам спорт нысаны бар екенін ескерсек, ойланатын жағдай, - деді ол Құрылтай отырысында.
Оның айтуынша, бұл бағытта үш негізгі мәселені шешу қажет. Бірінші – спорт инфрақұрылымының нақты қолжетімділігі. Спорт кешенінде пандус пен лифттің болуы жеткіліксіз. Бейімделген жаттығу залдары, арнайы жабдықтар мен қолайлы жағдай қажет. Екінші – білікті жаттықтырушылардың тапшылығы. Үшінші – балаларды спортқа ерте жастан тарту.
- Елімізде 124 мыңнан астам мүгедектігі бар бала бар. Олардың спортпен айналысуына не кедергі? Арнайы жағдай жоқ па әлде ата-аналар қайда жүгінетінін білмей ме? Бұл үшін мектептер, оңалту орталықтары мен спорт ұйымдарының өзара байланысын күшейту қажет. Қаржыландыру мәселесі де маңызды. Біз кәсіби параспортшылардың жетістіктерін мақтан тұтамыз. Бірақ бұқаралық және балалар параспортына нақты қанша қаражат бөлінетінін білуіміз керек, - деді депутат.
Осыған байланысты Айсұлу Сүлеймен министрліктен төмендегі ұсыныстарды қарастыруды сұрайды:
- спорт нысандарына түгендеу жүргізіп, олардың параспортқа қолжетімділігін өңірлер бойынша бағалау;
- жаңа және жаңғыртылатын спорт нысандарында параспортқа қажетті жағдайларды қарастыру және қолжетімділігін бақылау;
- параспорт жаттықтырушыларының санына, жалақысына және тапшылығына талдау жасап, ынталандыру шараларын кеңейту;
- мүгедектігі бар балаларды спортқа ерте жастан тарту жүйесін қалыптастырып, ата-аналарды ақпаратпен қамтамасыз ету;
- 2027–2029 жылдарға арналған параспорт қаржысын жеке есепке алып, бұқаралық, балалар және жоғары жетістіктер спортына бөлінетін қаражатты бөлек көрсету;
- 2027–2029 жылдарға арналған нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеп, жауапты органдарды, мерзімдерді, қаржыландыру көздерін және өлшенетін нәтижелерді белгілеу.
- Мемлекеттік инвестициялардың тиімділігі тек салынған спорт нысандарының немесе жеңіп алынған медальдардың санымен ғана емес, ең алдымен спортпен айналысуға нақты мүмкіндік алған адамдардың санымен өлшенуі тиіс. Өйткені мемлекеттің басты міндеті – чемпион атанғандарды қолдау ғана емес, өзінің де чемпион болуға мүмкіндігі бар екенін әлі білмейтін жандарға жол ашу, - деді ол.
Айта кетейік, бүгінгі Құрылтай отырысында Құрылтай жанынан Жастар кеңесі құрылды.