Паратаеквондошы Өмірәлі Нышан Еуропа чемпионатында жеңіске жетті
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Тараздық Өмірәлі Нышан мүгедек спортшылар арасындағы паратаеквондодан Еуропаның V ашық чемпионатында күміс медаль еншіледі.
Бұл туралы «ҚазАқпарат» тілшісі хабарлады.
«Тірек-қозғалыс аппараты зақымданған мүгедек спортшылар арасындағы Еуропа чемпионаты Варшавада (Польша) өтті. Жарысқа әлемнің 32 елінен 150-ге жуық спортшы қатысты. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған облыстық спорт клубының спортшысы, Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Ұлттық құрама команданың мүшесі Өмірәлі Нышан +75 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, күміс жүлдеге ие болды», - деп мәлімдеді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасынан.
Спортшыны ҚР еңбек сіңірген бапкерлер Алмаз Әбдіқайыров пен Нұржан Есілбаевтар жаттықтырады.