Пардубице қаласында CZECH OPEN-2016 зияткерлік ойындар фестивалі өтіп жатыр (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазір Чехияның Пардубице қаласында CZECH OPEN-2016 зияткерлік ойындар фестивалі өтіп жатыр. Фестиваль бағдарламасында тоғызқұмалақ, бетемше, африкалык овари, түрік манкаласы ойындарынан және тоғызқұмалақтан компьютерлік бағдарламалар арасында халықаралық жарыстар өтуде.
Бәсекені осымен 9-ші рет Чехиядағы зияткерлік фестивальді өткізушілер ұйымдастырып отыр. Овари ойынынан өткізілген жарыста барлығы 7 елден 28 спортшы қатысуда. Атап айтқанда - Қазақстан, Қырғызстан, Австрия,Түркия, Антигуа Барбуда, Щвейцария және Чехия.
Нәтижесінде жүлделі орындарды төмендегі спортшылар жеңіп алды. 1- орынды Сайман Тревор (Антигуа Барбуда) еншілесе , 2- орынды Әсел Дәлиева (Қазақстан) иеленді, ал 3- орын тағы бір отандасымыз Серік Ақтаевқа бұйырды. Түріктің мангала ойынынан өткізілген бәсекеге 6 елден 38 спортшы қатысты. Бұл аса тартысты өткен сайыста 1-орынды қырғызстандық Қамшыбек Қасымов жеңіп алса, 2-орынды жерлесіміз Нұрбек Қабиев қанжығасына байлады. Ал үздік үштікті тағы бір қырғыздан барған спортшы Анарбек Жамакеев жеңіп алды. Түріктің мангала ойынынан жастар арасында 1-орынды қырғызстандық Ақылбек Қасымов, 2-орынды түркиялық Озкок Берин, ал 3-орынды чехиялық Ондре Цах жеңіп алды. Қазіргі уақытта ұлттық ойынымыз - тоғызқұмалақтан компьютерлік бағдарламалар арасындағы жарыс жалғасып жатыр. Шілденің 16 күні басталған фестиваль 22 шілде күні өз мәресіне жетеді.