Париж-2024: Айдос Сұлтанғали қола медальға таласу мүмкіндігінен айырылды
ПАРИЖ. KAZINFORM – Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында алғашқы қарсыласынан ұтылып қалған қазақстандық балуан Айдос Сұлтанғали қола медальға таласу мүмкіндігінен де айырылды.
60 келі салмақта өзінен басым түскен қырғыздың ең мықты балуаны Жоламан Шаршенбеков өкінішке қарай, жартылай финалда ұтылып қалды. Ол жапондық Кэнитиро Фумитадан жеңіліп, финалға шыға алмады.
Егер, қырғыз балуаны финалға дейін сүрінбей жеткенде, Айдос Сұлтанғалиға жұбаныш белдесуінде бақ сынап, қола медальға таласу мүмкіндігі болатын еді.
Осылайша, Айдос Сұлтанғали қола медальға таласу мүмкіндігінен айырылды.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін грек-рим күресінен екі балуанымыз жарысқа шығып, екеуі де ұтылып қалғанын жазған болатынбыз.
Айдос Сұлтанғали алғашқы белдесуінде екі дүркін Әлем чемпионы, әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері, Ханчжоудағы Азия ойындарының жеңімпазы, Азияның 3 дүркін чемпионы қырғызстандық Жоламан Шаршенбековтан жеңілді.
Ал 130 келі салмақта ел намысын қорғаған Әлімхан Сыздықов ширек финалда Әзербайжан өкілі Сабах Шариатимен күресте қарсыласына 4:0 есебімен жол берді.