Париж-2024: Батутта секіруден Данил Мусабаев финалға шыға алмады

ПАРИЖ. KAZINFORM — Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында бүгін батутта секіруден қазақстандық Данил Мусабаев іріктеу жарысында қателік жіберіп, финалға шыға алмады.

батут
Фото: Владислав Семенов/ ҰОК

Ол бірінші жаттығудан соң финалға шығатын сегіз спортшының қатарында тұрған еді. Өкінішке қарай, екінші жаттығуында 10 сальтоның жетеуін ғана айналып, батуттан шығып кетті.

Бүгін қазақстандық спортшылар спорттың 8 түрінен - стендтік ату, академиялық есу, дзюдо, жеңіл атлетика, жүзу, семсерлесу, бокс және батут гимнастикасынан бақ сынап жатыр.

Енді бір сағаттан кейін әйелдер арасында Карина Ибрагимова ширек финалға шығу үшін пуэрто-риколық Ашлэйн Мотта Лозадамен бокстасады. Сонымен қатар, 3 тамызға ауған түні, 00:20-да ерлер арасында қазақстандық Сәкен Бибосынов пен өзбек Хасанбой Дусматов арасындағы ширек финал жекпе-жегі өтеді.