Париж-2024: Қырғыз боксшысына секундант болған өзбекстандық жаттықтырушы марапатталды
ПАРИЖ. KAZINFORM – Париждегі Олимпиада ойындарында қырғыз боксшысына көмектескен өзбек бапкері марапатталды. Осы еңбегі үшін көрші елдің халықаралық қоғамдық бірлестігі Акмал Хасановты «Шыңғыс Айтматов» медалімен марапаттады, деп хабарлайды 24.kg.
«Шыңғыс Айтматов Ыстықкөл форумы» халықаралық қоғамдық бірлестігінің бас хатшысы Ассоль Молдокматова өзбек бапкерін «адамгершіліктің, толеранттылықтың және қоғамдық дипломатияның жоғары деңгейі үшін» марапаттау туралы шешім 5 тамызда қабылданғанын хабарлады.
– Адамгершілігі, бауырмалдығы үшін Акмалға рахмет. Біз оны бағалаймыз, құрметтейміз. Сіздің (Қырғызстанға) келуіңізді асыға күтеміз. Сіз барлық мақтау мен марапаттарға лайықсыз, – деді ол.
Айта кетейік, 4 тамызға қараған түні қырғыз боксшысы Мунарбек Сейитбек Уулу Парижде өтіп жатқан жазғы Олимпиада ойындарында америкалық Харви Джамалға қарсы ширек финалдық кездесу өткізіп, жартылай финалға шыққан болатын. Жекпе-жек барысында оған Өзбекстан делегациясынан келген бапкер Акмал Хасанов секундант болды.
Жекпе-жекті Мунарбектің жеке бапкері Беганас Сұлтанбаев экраннан тамашалады. Желілерде тараған ақпаратқа қарағанда, Мунарбектің жеке жаттықтырушысы Беганас Сұлтанбаев аккредитация мәселесіне байланысты Парижге бара алмаған.