Париж-2024: Милад Карими еркін жаттығу cайысында 5-орынға ие болды
ПАРИЖ. KAZINFORM – Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында бүгін қазақстандық Милад Карими еркін жаттығу сайысының финалында 8 спортшының арасынан 5-орынға табан тіреді.
Нақтырақ айтсақ, спорттық гимнастикадан Қазақстан командасының мүшесі Милад Карими еркін жаттығу бойынша Париж Олимпиадасындың финалында сынға түсіп, 14.500 ұпай жинады.
Бұл жаттығуда филиппиндік Карлос Юло (15.000) чемпион атанса, күміс медальді Израиль, қоланы Ұлыбритания спортшылары иеленді. Милад Карими еркін жаттығудан Париж Олимпиадасында бестікке енді.
Карими 2023 жылы еркін жаттығуда әлем чемпионатында қола медаль иеленген.
Бұл – Каримидің екінші Олимпиадасы. Токиода да еркін жаттығуда 5-орын алған еді.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін дзюдодан Қазақстан құрамасы аралас сайыста бразиялықтардан 4:2 есебімен жеңіліп қалды.
Әзірге Қазақстан қоржынында 1 алтын, 2 қола медаль бар.