Париж-2024: Садақшыларымыз плей-офф кезеңінде кімдермен сайысқа түседі
ПАРИЖ. KAZINFORM – Париж Олимпиадасында жарысты бірінші болып бастаған садақ атушыларымыздың плей-офф кезеңіндегі қарсыластары белгілі болды.

Нақтырақ айтсақ, команда көшбасшысы Ильфат Абдуллин рейтингтік кезеңде 29-орынға тұрақтап, 36-сатыға табан тіреген канадалық Эрик Питерске қарсылас атанды.
Ал Дәулеткелді Жаңбырбай (22-орын) колумбиялық Хорхе Энрикеспен (43), Александр Еременко (59) француз Батис Аддиспен сайысқа түседі.
Айта кетейік, 1/32 айналым 30 шілдеде өтеді. Ал командалық сайыста Қазақстан 1/8 финалда Италиямен 29 шілдеде кім мықтыны анықтайды. Осы жұптың жеңгені жарыс қожайыны Франциямен өзара мықтыны анықтайды.
Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін садақ атудан жекелей сынның іріктеуінде отандастарымыз қандай көрсеткішке қол жеткізгенін жазған болатынбыз.
Айта кетсек, ертең, 26 шілдеде кешке Париж Олимпиадасының ресми ашылуы өтеді. Мемлекеттік Туды боксшы Асланбек Шымбергенов пен Ольга Сафронова (жеңіл атлетика) ұстайды. Айта кетейік, Париждегі жазғы Олимпиадада Қазақстан құрамасының 80 атлеті 25 спорт түрінен сынға түседі. XXXIII ойындар 11 тамызда мәресіне жетеді.