Париж-2024: Швециялық сырықпен секіруші Олимпиада және әлем рекордын жаңартты
ПАРИЖ. KAZINFORM — Швециялық сырықпен секіруші, екі дүркін әлем чемпионы Арман Дюплантис Олимпиада тарихына өз есімін алтын әріптермен жазды.
Сырықпен секіру сайысында америкалық Сэм Кендрикс (5,95 метр) күміс, грекиялық Эммануил Каралис (5,90 метр) қола жүлдегер атанса, Арманға алтын алу үшін 6 метрді бағындыру жеткілікті болды.
Бұдан кейін А.Дюплантис жалғыз өзі қалып, рекорд жасауға кірісті. Алдымен ол 6 метр 10 сантиметр биіктікке секіріп, Олимпиада рекордын (бұрынғысы – 6,03 м) жаңартты. Сосын биыл өзі сәуірде жасаған әлем рекордын (6,24 м) бағындыруға тырысты. Арман стадион толы көрерменнің қолдауымен үшінші әрекетінен кейін бұл нәтижеге де қол жеткізді – 6,25 метр!
Бұдан төрт жыл бұрын А.Дюплантис 20 жасында атақты кеңестік сырықпен секіруші Сергей Бубканың 26 жыл тұрған әлемдік рекордын (6,14 м) бір сантиметрге (6,15 м) жаңартқан еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын 51 жастағы түрік мергенінің болашақта Олимпиада алтынын алғысы келетінін жазған болатынбыз.