Париж: Британия Франция вокзалдарында шекаралық бақылауды жалғастырады

2003 жылы Францияның Ле-Туке-Пари-Плаж қаласында британдық шекарашыларға Біріккен Корольдікке бағыт алған жолаушылардың төлқұжатын тексеруге рұқсат беретін екіжақты келісімге қол қойылған болатын. Сол кезден бастап Британияның көші-қон қызметі Франция аумағында шекаралық бақылау жүргізіп келеді.
Төлқұжаттық бақылау жөніндегі осындай келісім Ұлыбритания мен Бельгия арасында да жасалған.
Францияның экономика министрі Эмманюэль Макрон биылғы наурызда Британия Еуроодақтан шыққан жағдайда Франция билігінің британдық шекарашыларға Франция аумағында шекаралық бақылау жүргізуге мүмкіндік беретін келісім күшін тоқтатуы мүмкін екендігін мәлімдеген болатын.
Көші-қон мәселесі Британияның Еуроодақтан шығуына қатысты талқылаудағы ең қиын мәселелердің бірі болды. Лондон мэрі Еуроодақтан келетін иммигранттардың Британия астанасының дамуына қосар үлесі зор екенін айтты. Лондон сайлаушыларының басым бөлігі Біріккен Корольдіктің Еуроодақтан шықпауын қолдап дауыс берген-ді. Ресми деректерге сүйенсек, Лондонда Еуроодақтан келген миллионға жуық иммигрант бар.