Париж қонақ үйінде шаңсорғыштың ішінен қымбат гауһар тасты жүзік табылды

ритц карлтон
Фото: ritzparis.com

Париждегі сәнді Ritz қонақүйінде жоғалған 750 мың еуро тұратын жүзік шаңсорғыштың ішінен табылды. Kazinform бұл туралы ВВС-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Әшекей иесі малайзиялық кәсіпкер жұма күні полицияға жүзігі жоғалғанын хабарлап, оны қонақүй қызметкерлерінің бірі ұрлауы мүмкін екенін айтқан.

Бірақ Le Parisien газетінің хабарлауынша, танымал қонақүй күзетшілері оны жексенбі күні шаңсорғыштың ішіндегі шаң жинайтын қаптан тапқан.

Оның иесі Парижден Лондонға ұшып кеткен, бірақ жүзігін алып кету үшін оралады, деп жазды басылым.

Халықаралық сәнді қонақүй желілерінің өкілдері өтемақы ретінде үш түн тегін тұруды ұсынған, бірақ ол ұсынысты қабылдағысы келмейтін тәрізді.

«Күзетшілердің мұқият жасалған жұмысының арқасында бүгін таңертең жүзік табылды. Біз Ritz қонақүйінің қызметкерлеріне алғыс айтқымыз келеді. Олар жүзікті іздеуге көмектесіп, күн сайын кәсібилігі мен жұмысына адал екенін көрсетті», — делінген Ritz мәлімдемесінде.

Әшекей иесі полицияға жұма күні жүзікті қонақүйдегі үстелге қойып, қала орталығындағы дүкендерді аралауға кеткен.

Бірнеше сағаттан кейін келгенде сирек кездесетін гаухар таспен көмкерілген жүзікті үстел үстінен таба алмай қалған.

Қазір жоғалған зат полицияда, иесі келіп алып кеткенше сонда болады.

Танымал бес жұлдызды Ritz қонақүйі Париж орталығындағы Вандом алаңында орналасқан. Оған қалталы және танымал адамдар жиі келіп тұрады.

Ол жерден бағалы заттар бұрын да жоғалған.

2018 жылы балтамен қаруланған адамдар ішіндегі зергерлік дүкенді тонап, бірнеше миллион еуро тұратын әшекей бұйымдарды алып кеткен.

Сол жылы аты аталмаған Сауд Арабиясы король отбасының өкілі қонақүйдегі нөмірінен құны 800 мың еуро болатын әшекей бұйымдары жоғалғанын мәлімдеген еді.

Соңғы жаңалықтар