16:31, 16 Наурыз 2014 | GMT +5
Париж көшелерінде жекеменшік көлікпен жүруге уақытша тыйым салынбақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ертеңнен бастап Париж тұрғындарына жеке меншік автокөліктерін пайдалануға уақытша шектеу қойылмақ, деп хабарлайды Би-Би-Си.
Енді машиналар мен мотоциклдердің иелері қала ішіне көліктерімен күнара ғана шыға алатын болады. Бұлайша шектеу қоюдың басты себебі ауа ағымындағы өзгерістерде болып отыр. Яғни, жылы күндер мен салқын түндердің күрт алмасуы атмосфераның айналымына кедергі келтіріп, соның салдарынан француз астанасы ауасындағы зиянды заттар қоспасының мөлшері шекті нормадан екі еседен артық асып кеткен. Айта кетейік, дәл осындай жағдай 1997 жылы да орын алған болатын. Жекеменшік көлікпен қозғалыстың шектелуіне байланысты қала билігі тұрғындарға қоғамдық көлікпен үш күн бойы тегін жүру мүмкіндігін ұсынып отыр. Естеріңізге сала кетейік, әлем астаналарының ішінен ауасының ластану деңгейі бойынша Париж Бейжіңнен кейін екінші орынды алады.