2019 жылғы өрттен кейін алғаш рет Париж Құдай ана соборының қоңыраулары соғылды
АСТАНА. KAZINFORM — Ғимараттың Солтүстік мұнарасындағы сегіз қоңыраудың дыбысы собор 8 желтоқсанда көпшілікке есігін ашқанға дейін естілді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі France24-ке сілтеме жасап.
AFP хабарлағандай, қоңырау жұма күні соғылды. Бұл тарихи ескерткішті қалпына келтіру жолындағы маңызды қадам болды.
— Бұл әдемі, маңызды және символикалық сәт, — деп атап өтті соборды қалпына келтіруге жауапты мемлекеттік органның басшысы Филипп Жост.
2019 жылдың 15 сәуіріне қараған түні париждіктермен қоса, бүкіл әлем собордың төбесі мен шатырының бір бөлігін өрт шарпып, қиратып жатқанын бақылады. Президент Эммануэль Макрон тез арада Нотр-Дамды бес жыл ішінде қалпына келтіріп, оны бұрынғыдан да «әдемі» ету міндетін қойды.
Осы маңызды міндетті жүзеге асыру үшін 250-ге жуық компания мен жүздеген мамандар жұмылдырылды, ал жөндеу жұмыстарының құны жүздеген миллион еуроны құрады.
Қоңыраулар таңғы сағат 10:30 шамасында соғылды (09:30 GMT). Сегіз қоңыраудың әрқайсысы бір күн бұрын жеке тексерілді, содан кейін олар шамамен бес минут ішінде бірауыздан шырылдады.
— Біз бәріміз күшті эмоцияларды бастан өткердік. Бүгін, 8 қарашада Нотр-Дам бізге «Мен осындамын, мен сені күтемін» дейді, — деді Собордың проректоры Гийом Норман.
Оның сөзінше, бұл дыбыстар «қуаныш сигналы» іспеттес.
2019 жылғы өрт Солтүстік қоңырау мұнарасының бір бөлігін қиратып, оны қалпына келтіруге тура келді. Қоңыраулар алынып, шаң мен қорғасыннан тазартылды, содан кейін олар орнына қайтарылды. Ең ауыр қоңырау, «Жәбірейіл», салмағы төрт тоннадан асады, ал ең жеңілі «Жан-Мари» — 800 келі.
7 және 8 желтоқсанда собордың қайта ашылуына орай салтанатты рәсімдер өтеді. Іс-шараның егжей-тегжейлі бағдарламасы әлі ашылмағанымен, Филипп Жост RTL-ге собордың мәртебесіне сәйкес келетін әлемдік жұлдыздардың қойылымдары күтілетінін айтты.
Қалпына келтірілгеннен кейін Нотр-Дам жыл сайын 14-тен 15 миллионға дейін келушілерді қабылдайды деп күтілуде.