Париж мұражайынан Матисс пен Пикассо туындыларын ұрлаған үш адам ұсталды
АСТАНА. 3 қазан. ҚазАқпарат - Парижде Қазіргі заман өнері мұражайынан 2010 жылы мамырда картиналар ірі ұрлығына байланысты үш адам ұсталды, Бұл туралы француз өкіметінің өкіліне сілтеме жасап Agence France-Presse хабарлады.
Күдіктілер 16 қыркүйектен бері қамауда, алайда олардың ұсталғаны енді ғана жарияланып отыр. Ұрлыққа қатысы болуы мүмкін ұсталған бір әйел мен екі ер адам ұрланған суреттердің қайда сақталғанын білуі тиіс, делінген хабарламада.
Мұражайдан ұлы суреткерлер Анри Матисстың, Пабло Пикассоның, Жорж Брактың, Фернан Леженің және Амодео Модильянидің бес жұмысы қолды болған. Суреттердің қайда екені әлі белгісіз күйде қалып отыр. Ұрланған картиналардың жалпы құны 100 миллион еуроны құрайды.
Парижде Қазіргі заман өнері мұражайынан картиналардың ұрланғаны 2010 жылғы 20 мамырда белгілі болды. Бақылау камераларындағы жазбаларға қарағанда, мұражайға бір ғана ұры түнде терезеден түсіп, суреттерді алып, із жасырған. Кейіннен ұрлық кезінде мұражайдың кейбір күзет жүйесі жұмыс істемей қалғаны белгілі болды.