Париж-2024: Орталық спорт клубының спортшылары 20 олимпиадалық лицензия ұтып алды

Париж олимпиадасы
Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM — Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының саңлақтары байрақты додада спорттың он түрі бойынша бәсекеге түседі. Атап айтқанда спортшылар ел және әскер намысын бокстан, дзюдодан, атудан, бадминтоннан, ескек есуден, спорттық гимнастикадан, күрестен, спорттық альпинизмнен, тхэквондо және заманауи бессайыстан қорғайтын болады. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті. 

Олимпиадада бокстан лейтенант Сәкен Бибосынов, мерзімді қызметтегі қатардағы жауынгер Мұхамедсабыр Базарбайұлы және Қарулы күштердің қызметшісі Махмұд Сабырхан, грек-рим күресінен кіші сержант Айдос Сұлтанғали, қатардағы жауынгер Әлімхан Сыздықов, Қарулы күштердің қызметшілері Демеу Жабраев пен Нұрсұлтан Тұрсынов, спорттық гимнастикадан — ҚК қызметшілері Нариман Құрбанов, заманауи бессайыстан — ҚК қызметшісі Елена Потапенко, оқ атудан — кіші сержант Әсем Орынбай және ҚК қызметшісі Ислам Сәтбаев, тхэквондодан — ҚК қызметшілері Сомирхон Абабакиров және Батырхан Төлеуғали, спорттық альпинизм бойынша — ҚК қызметшісі Әмір Маймұратов, бадминтоннан — ҚК қызметшісі Дмитрий Панарин, дзюдодан — аға лейтенант Ғұсман Қырғызбаев, қатардағы жауынгерлер Данияр Шамшаев, Абылайхан Жұбаназар және ҚК қызметшісі Кәмила Берліқаш, байдарка есуден — ҚК қызметшісі Сергей Токарницкий жарыстарда бақтарын сынайды. 2016 жылы Рио-де-Жанейро Олимпиадасына әскер спортшылары 8 лицензия алса, 2021 жылы Токиода — 18, ал 2024 жылы Парижге — 20 лицензия жеңіп алды.

Париж олимпиадасы
Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

— Әскер спортшылары іріктеу жарыстарында барынша жақсы нәтиже көрсетті. Дайындық деңгейлерінің бәсекелі болғанын алған лицензиялар растайды. Париждегі Олимпиадада үздік танылу үшін мықты нәтижелер көрсетеді деп сенеміз, - деді Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы полковник Арман Әбеуов.

Париж олимпиадасы
Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Бүгінгі таңда ҚР Қорғаныс министрлігінің Спорт комитеті — Орталық спорт клубында 20-ға жуық спорт түрі кең дамып келеді. 180-нен аса армиялық саңлақ түрлі спорттан ұлттық құраманың мүшелері. 2024 жылдың басынан бері армия қоржынында 204 медаль бар: оның — 91-і алтын, 52-сі күміс және 61-і қола.

Соңғы жаңалықтар