Париж Олимпиадасына бокстан тоғызыншы жолдама Назым Қызайбайға бұйырды
АСТАНА. KAZINFORM – Бокстан Париж Олимпиадасына берілген жолдама саны 9-ға жетті. Бұл жолдаманы ел құрамасынан Назым Қызайбай (50 келі) алды.

Қазақстандық боксшы 1/4 финалда Солтүстік Корея боксшысы Канг Су Хуангпен қолғап түйістірді. Шаршы алаң төріндегі шайқаста қазақстандық боксшының басымдығы байқалды. Нәтижесінде төрешілер толықтай оның жеңгеніне қолдау білдірді. Есеп – 5:0.
Назым Қызайбай 1/4 финалға дейін словакиялық Николь Дурикова, ұлыбританиялық Саванна Стублей, Оңтүстік Кореядан келген Джухюнг Джунгты жеңген болатын.
Еске салсақ, бұдан бұрын Таиландтағы турнирде Валентина Хальзова (75 келі) Париж Олимпиадасына берілген жолдамаға қол жеткізді.
Енді ел құрамасынан өз салмағында берілетін бесінші жолдама үшін Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63.5 келі) 17:30-да молдовалық Александру Парасчивпен шаршы алаңға шығады.
Айта кетсек, еліміздің ерлер құрамасында Олимпиадаға Сәкен Бибосынов (51 келі), Махмұд Сабырхан (57 келі), Асланбек Шымбергенов (71 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі), Айбек Оралбай (92 келі) және Қамшыбек Қоңқабаев (92 келіден жоғары) жолдама алып қойды. Әйелдер құрамасында Карина Ибрагимова (57 келі) Париж Олимпиадасына жолдама алған еді.
Таиландтағы іріктеу турнирінде Ұлжан Сәрсенбек (54 келі), Римма Волосенко (60 келі) мен Наталья Богданова (66 келі) жарыс жолын аяқтады.