Париж Олимпиадасына Қазақстаннан қай теннисшілер қатыса алады

теннис
Фото: Қазақстан теннис федерациясы

АСТАНА. KAZINFORM — 2024 жылғы Париж Олимпиадасының басталуына 138 күн қалды. Төрт жылдағы басты жарыстың теннис турнирі Франция ашық чемпионатының ойындары өтіп жүрген «Ролан Гарростың» топырақ төсенішіндегі корттарында болады.

Қазақстан теннис федерациясының мәліметінше, Париж Олимпиадасына жарыстың бес түрінен (ерлер: жекелей және жұптық сын, әйелдер: жекелей және жұптық сын, аралас жұптық сын) 172 квота үлестіріледі. Теннисшілердің дәл саны олардың қандай сында өнер көрсететіне байланысты болмақ. 

Әр ұлттық олимпиадалық комитет 12 квотаға дейін қол жеткізе алады. Жолдама алу үшін спортшылар Халықаралық теннис федерациясының (ITF) критерийлеріне сай келуі тиіс. Онда Дэвис және Билли Джин Кинг кубогына қатысқаны да ескеріледі.

2024 жылы 10 маусымда жаңартылатын ATP және WTA рейтингілері бойынша Олимпиадаға жолдама алатын теннисшілердің басым бөлігі айқындалады. Әр жекелей сында 64 теннисші Олимпиадада өнер көрсетеді. Жұптық сында 32 дуэт қатысады. Ал аралас жұптық сында небәрі 16 жұп қатысады.

Қазіргі кездегі жағдай бойынша Париж Олимпиадасына жолдама алуға Қазақстаннан ерлер арасында жекелей сында Александр Бублик пен жұптық бәсекеде Александр Недовесовтің мүмкіндігі бар. Әйелдер арасында Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева (жекелей сын) және Анна Данилина (жұптық сын) үмітті. Олимпиададағы теннис додасы 27 шілдеде басталып, 4 тамызда аяқталады. 

Қазақстан теннистен әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина мен дүниежүзілік рейтингіде ТОП-20-ға кірген Александр Бубликке көбірек үміт артады. Токио Олимпиадасында Рыбакина төртінші орынға табан тіреген еді. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Индиан-Уэллс турнирінде әлемнің 1-ракеткасына жол бергенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар