Париж Олимпиадасына іріктеу: Мұхаммедсабыр Базарбайұлы жолдамаға таласады
АСТАНА. KAZINFORM – Таиланд астанасы Бангкок қаласында өтіп жатқан бокстан Олимпиадаға іріктеу турнирінде Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 келі) жолдамаға бір табан жақын қалды. Қазақстандық боксшы бесінші жолдама үшін колумбиялық Хосе Мануэль Виафарамен қолғап түйістірді.

Жекпе-жек барысында қос қарсылас тартысты ойын өткізді. Алғашқы раундта Мұхамедсабыр басым екенін көрсетсе, екінші раундта қарсыласы жеңді.
Шешуші раундта қазақстандық боксшы көбірек соққы жұмсап, жеңісті жұлып әкетті.
Төрешілердің басым бөлігі оның жеңісіне қолдау білдіріп, нәтижесінде ол жарыстың келесі сатысына жолдама алды.
Айта кетсек, Мұхамедсабыр іріктеу турнирінде илиппиндік Кристиан Питт Лорент, түркиялық Мизан Айкол, италиялық Джанлуиджи Маланганы жеңіп, ширек финалда кубалық Эрисланди Альвареске 2:3 есебімен есе жіберді.
Бұл салмақта Олимпиадаға бес жолдама беріледі. Төртеуіне жартылай финалға шыққан былғары қолғап шеберлері ие болса, бір жолдамаға ширек финалда сүрінген боксшылар таласатын еді.
Енді қазақстандық алдағы қарсыласы – молдовалық Александру Паращива.
Айта кетсек, 2 маусымда ел құрамасынан одан басқа Назым Қызайбай (50 келі), Валентина Хальзова (75 келі) сынға түседі.
Таиландтағы іріктеу турнирінде Ұлжан Сәрсенбек (54 келі), Римма Волосенко (60 келі) мен Наталья Богданова (66 келі) жарысты орта жолдан аяқтады.
Қазір Қазақстан құрамасы қоржынында Париж Олимпиадасына ерлерде 6, әйелдерде 1 жолдама бар.