Парижде 19 жастағы теннисші Ролан Гаррос турнирінің чемпионы атанды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парижде Ролан Гаррос турнирінің финалында әйелдер арасында америкалық София Кенин мен Польша өкілі Ига Швентек бас жүлдені сарапқа салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл 21 жасында Аустралия ашық чемпионатында жеңімпаз атанған С.Кенин әлемнің 6-ракеткасы болса, рейтингте 53- орында тұрған қарсыласы ондай табысқа қол жеткізіп көрмеген еді.

Небәрі 19 жастағы И.Швентектің осы Франция ашық чемпионатында жұлдызы жарқырай жанды. Ол соңғы бәсекеге дейін бірде-бір сетті беріп көрген жоқ. Соның ішінде әлемнің екінші, осы жарыстың 1-ракеткасы, румыниялық Симона Халепті 6:1, 6:2 есебімен жолдан

тайдырды.

Ига финалдық бәсекені де сәтті бастап, 3:0 есебімен алға кетті. София таразы басын теңестіргенімен, қайтадан 5:3-ке

жеткізді. Бұдан кейін қарсыласы есепті қысқартқанымен,

поляк қызы тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:4.

Екінші сетте И.Швентек өте сәтті ойнап, есепті 5:1-ге жеткізді. Содан кейін матчқа доп бергенде, қателескен жоқ – 6:1.

Осылайша 19 жастағы теннисші өз елінен алғашқы болып «Үлкен дулыға» турнирінде чемпиондық атаққа қол жеткізді.

Финалда да тамаша өнер көрсеткен ол қарсыласына бірде-бір сетті бермеді.

Ролан Гаррос турнирінде қазақстандық теннисшілер алысқа ұзаған жоқ. Александр Бублик әлемнің 9-ракеткасы, франциялық Гаэль Монфисті ұтқанымен, екінші кездесуінде жеңіліп қалды. Михаил Кукушкин, Юлия Путинцева, Елена Рыбакина да екінші айналымнан аса алмады. Ал Зарина Дияс бастапқы матчында-ақ қарсыласына есе жіберді.

Ю.Путинцеваны ұтқан әлемнің 151-ракеткасы, аргентиналық Надя Подороска айды аспанға шығарып, жартылай финалға дейін жетті. Содан кейін ғана И.Швентекке тосқауыл қоя

алмады.

Ерлер арасында Ролан Гаррос турнирінің финалында жексенбі күні әлемнің бірінші және екінші ракеткалары, сербиялық Новак Джокович пен испаниялық Рафаэль Надаль шеберлік байқасады. Бұған дейін Р.Надаль Франция ашық чемпионатын 12 мәрте ұтып, рекорд жасаған еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандықтар Г.Айнитдинова мен Ж.Құламбаеваның Мысырдағы турнирде жеңімпаз атанғанын жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар