Парижде ислам институты ашылуы мүмкін

АСТАНА. 16 ақпан. ҚазАқпарат - Париждегі танымал Dourous.net мұсылмандар ұйымы ислам діні мен араб тілін оқытатын институт ашуды көздеп отыр. Алдағы уақытта бұл мекеме дәріске қатысуға мүмкіндігі жоқ ынталы топты интерактивті онлайн-курс арқылы қашықтықтан оқытуға бел байлап отыр. Бұл жайында ajib.fr ақпараттық порталы хабар таратты.
None
None

Dourous.net-тің танымал болатын жөні бар. Аталмыш ұйым Францияда исламды насихаттаумен байланысты талай қайырымдылық және мәдени іс-шаралар ұйымдастыруға ұйытқы болды. Осы жолы қолға алып отырған жобасы елдегі жастарды тәрбиелеуге арналғанын айта кету керек.

muslim.kz сайтының жазуынша, қазіргі уақытта Францияда мұсылмандарға арналған, мамандандырылған білім ошақтары жетіспейді. Мұсылман жастары мен дінді енді қабылдағандар білім алу үшін шетелге шығуға мәжбүр болып отыр. Ұйым мүшелерінің айтуынша, бұл жоба осы олқылықтың орнын толтырып, тілек білдірген талапкерлерге діннің қыр-сырын үйретеді.

Алдағы уақытта ашылатын институттың оқу бағдарламасына араб тілі мен Құран, фиһқ (шариғат), тәужид (Құранды дұрыс оқып-үйрену) курстары кіреді. Сондай-ақ, Пайғамбарымыз - Мұхаммед Мұстафаның (с.а.с.) өмірбаяны өз алдына бөлек оқытылады.

Алдын ала жасалған есепке қарағанда, бұл жобаға 500 мың еуро қаржы кетеді. Dourous.net өкілдерінің айтуынша, қазіргі уақытта француз мұсылмандарының садақасынан 100 мың еуродай қаражат жиналған.

Соңғы жаңалықтар