Парижде қазақ балалары сурет салудан жарысты

ПАРИЖ. ҚазАқпарат - Парижде қазақ диаспорасының бастамасымен және Қазақстан Елшілігінің қолдауымен «Астана балалар көзімен» тақырыбында сурет салудан байқау өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.

Парижде қазақ балалары сурет салудан жарысты

Шығармашылық байқауға 7-17 жас аралығындағы Францияда тұратын қазақ балалары қатысты. Барлығы 19 жұмыс ұсынылды.


Қазақстанның Франциядағы Елшісі Жан Ғалиев марапаттау кезіндегі өз сөзінде осындай дарынды балаларды тәрбиелеген ата-аналарға алғыс айтып, мерекелік іс-шараның барлық қатысушыларын Астана күнімен құттықтады. Елші өз сөзінде Астана ел бірлігінің символы, бүкіл Қазақстанның серпінді, әрі тұрақты дамуының айғағы екенін атап өтті. Оның айтуынша, дәл осындай іс-шараларда балалар арасында қазақстандық патриотизмді қалыптастыру және «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын жүзеге асыру негізі қаланады.

Өз кезегінде диаспора жетекшілерінің бірі Тәбәрік Догу: «Конкурсқа қатысқан көптеген балалар Астанада болған емес. Бірақ бұл елорданың басты көрікті жерлерін суреттеп салуда балаларға кедергі болған жоқ. Байқаудың мақсаты - балаларға патриотизмді, туған жер мен Астанаға деген сүйіспеншілікті дәріптеу. Балалар өз суреттері арқылы Астана күнін атап өтуге өз үлестерін қосқысы келді», - деп атап өтті.

Байқаудың жеңімпаздары Фатмагүл Апак (1-орын), Емре Тұрсын (2-орын) және Керім Алдұрсын (3-орын) атанды.