Парижде Қазақстан өңірлеріне аусылдан таза аймақ мәртебесін беру мәселесі қаралады
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат-Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық ветеринарлық бақылау басқармасының басшысы Ерсұлтан Әпетов Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу мен бұралқы ит-мысықтарды аулау бағытындағы шаралардан хабардар етті.
Басқарма басшысы өңірдегі эпизоотиялық жағдайдың барысы жайлы да мәлім етті, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.
Мал арасында түрлі аурулар жиі-жиі белең алып тұратын Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерімен шектесетін еліміздің 5 облысы Кедендік одақтың буферлік аймағына кіреді. Олардың ішінде біздің де аймақ бар. Жыл басынан бері облыста 2452,6 мың бас мал вакциналанды.
«Қазір өңірде қауіпті инфекцияларға қатысты эпизоотиялық жағдай тұрақты. Ұдайы жүргізіліп келе жатқан алдын алу шараларының арқасында аймақта аусыл ауруы тіркелген жоқ. Жалпы, алдын ала жасалған кестеге орай 15 түрлі инфекциялық ауруға қарсы шаралар жасалды», - деді Е.Әпетов.
Басқарма басшысының сөзінше, аусылға қатысты буферлік аймақтан шығу үшін 239 мың бас сиыр, 438 мың ұсақ мал вакциналанды. Облыс аумағынан шығатын, сондай-ақ келетін түлік түрлері үнемі бақылауда тұр.
«Осыдан екі ай бұрын Халықаралық Эпизоотиялық бюроның комиссиясы еліміздің бес облысына вакцина қолданбайтын аусылдан таза аймақ мәртебесін беру мәселесіне қатысты инспекция жүргізді. Бұл мәселе осы айдың соңында Парижде өтетін ХЭБ отырысында шешіледі», - деді облыстың бас ветеринары.