Парижде қазақстандық балуандар бірде-бір жүлде ала алмады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Франция астанасы Парижде дзюдодан маусымның алғашқы жарысы «Grand Slam» турнирінде ел намысын қорғаған балуандарымыз жүлдесіз қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Парижде қазақстандық балуандар бірде-бір жүлде ала алмады

Бірінші болып бозкілемге шыққан 60 келідегі балуанымыз Асхат Тельманов алғашқы айналымда словениялық балуанға есе жіберді. Осы салмақта сынға түскен тағы бір балуанымыз Ғұсман Қырғызбаев жарысқа 1/16 финалда қосылды. Ол алғашқы белдесуінде Чехиялық Петриков Павелды тізе бүктіргенімен, екінші белдесуінде әзербайжандық Сапаров Орханға есе жіберді.

Ал 66 келіде сынға түскен балуанымыз Мейіржан Қалтаев бірінші белдесуін өте сәтті аяқтады. Екінші айналымда Морокколық Бассоу Имадты да оңай ұтты. Өкінішке қарай үшінші белдесуінде Моңғол балуаны Ганболд Херленге есе жіберіп алды. Тағы бір балуанымыз Әбілхайыр Мәуленин татамиге 1/16 финалда шығып, алғашқы белдесуінде Қытай балуанын қапы қалдырғанымен, екінші белдесуінде  Жапон балуаны Аве Хифумиден айласын асыра алмады.

Сонымен қатар, 73 келіде ел намысын қорғаған Елдос Жұмаханов та алғашқы бәсекесінде Француз Литтл Ливретонды тізе бүктіргенімен, келесі кезеңде өзбек Рустам Оруджевтан жеңіліп, жарысты аяқтады.