Парижде қазақ-қырғыз айтысы өтеді
АСТАНА. KAZINFORM — 17 мамырда Францияның Париж қаласында қазақ-қырғыз айтысы өтеді, деп жазады Кабар.

Бұл туралы Жогорку Кенештің отырысында депутат Мирлан Самыйкожо хабарлады.
Оның айтуынша, мұндай халықаралық айтыс сайысы Қырғызстан тарихында алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Іс-шара Қырғызстанның Франциядағы елшісі Садық Шер-Ниязбен бірлесіп ұйымдастырылады.
— Біз Жогорку Кенеш депутаты Шайырбек Ташиевпен және елші Садық Шер-Ниязбен бірге мәдениетімізге үлес қосу мақсатында қырғыз-қазақ айтысын өткізуді шештік. Менің ойымша, бұл болашақ үшін маңызды тарихи оқиға болмақ. Қырғыз сөзі, қырғыз тілі бүкіл әлемде шырқалса, комуз әлемнің түкпір-түкпірінде әуелесе, ал біздің ақындар халықтардың бірлігі мен ынтымағын, қырғыздар мен қазақтардың достығын жырласа, бұл өте жақсы болар еді, — деді Мирлан Самыйкожо.
Осыған дейін Петропавлда Ұлыстың ұлы күніне орай республикалық ақындар айтысы өткенін жазғанбыз.