Парижде семсерлесуден әлем чемпионаты басталды
АЛМАТЫ. 4 қараша. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Бүгін Парижде семсерлесуден әлем чемпионаты басталды. Оған қазақ елі спортшылары 15 адамнан тұратын құраммен қатысуда.
14 қарашаға дейін жалғасатын бұл жарыста ел спортшылары тек жекелей сындарда өнер көрсетпек. Командада семсерлесуден ерлер құрамы Александр Аксионов, Сергей Шабалин, Дмитрий Грязнов, Эльмир Әлімжанов болса, әйелдерден Жәмилә Жүнісбаева, Оксана Сватковская, Карина Рахметовалар болып отыр. Қылыштасуда ерлер құрамын Евгений Фролов, Жансерік Тұрлыбеков, Ералы Тіленшиев, Андрей Балабаевтар толықтырса, әйелдерден Юлия Живица, Тамара Почекутова, Анастасия Гиматдинова және Әлия Бектұрғановалар өнер көрсетеді.
Бұл чемпионат осы қалада 1921 жылы алғаш рет өткен еді. Онда француз шпагашысы Люсьен Годен тұңғыш әлем чемпионы атанды. Ал 1930 жылы Бельгияның Льеж қаласындағы чемпионатта семсерлесу және қылыштасу бойынша бірінші рет командалық жарыстар өтті.Онда венгр қылыш шеберлері мен бельгиялық семсершілер жеңімпаз атанды.
Бұл чемпионатта қылыштасу, рапира және семсерлесу түрлерінен ерлер мен әйелдердің жекелей және командалық сайыстар өтетін болады. Онда жалпы саны 12 жүлде қоры сарапқа салынады деп жоспарланған.
Ел құрамасы бұл чемпионаттан 10 қараша күні қайтып оралады. Сөйтіп олар Азия ойындарына дайындық жұмыстарын пысықтау үшін 11 қарашада Гуанчжоу қаласына ұшады деп күтілуде.