Парижде жол талғамайтын көліктер үшін ақылы тұрақ құны өсті
АСТАНА. KAZINFORM - Жексенбі күні Франция астанасының тұрғындары үшін референдум ұйымдастырылып, онда Парижде жол талғамайтын көліктерге арналған тұрақ құнын өсіру мәселесі көтерілді.

Оның қорытындысы бойынша қала тұрғындарының көпшілігі (54,55%) «ауыр, қоршаған ортаны ластайтын жеке көліктер тұрағы үшін арнайы тариф» құруды қолдады.
Дауыс беруге 1,3 млн сайлаушы қатысты. Мэрияның хабарлауынша, референдум сағат 19:00-де аяқталды.
Дауыс беру кезінде жол талғамайтын көліктерге (ағылшынша аббревиатурасы «Sport Utility Vehicle») назар аударылды. Бұл санатқа салмағы 1,6 тоннадан асатын және жергілікті атқарушы органдардың арнайы тұраққа рұқсаты жоқ көліктер кіреді.
Париждің орталығында жол талғамайтын көліктерді тұраққа қою құны енді алғашқы екі сағатта сағатына 18 еуроға дейін көтеріледі. Шағын көліктер үшін – сағатына 6 евро. Осыдан кейін 4x4 иелеріне арналған тұрақ тек қымбаттай түседі.
Мысалы, жол талғамайтын көліктің тұраққа алты сағат қойылу ақысы 225 еуро (110 мың теңгеден астам) болмақ.
Париждің сыртқы аудандарында сағат 12:00-ден 20:00-ге дейін жол талғамайтын көлік жүргізушісі алғашқы екі сағат үшін сағатына 12 еуро төлейді. Содан кейін алты сағаттық тұрақ үшін баға біртіндеп 150 еуроға дейін өседі.
Осылайша, Париж мэрі А.Идальго 2024 жылғы Олимпиада ойындарына қарай қаладағы ауаның сапасын жақсартуға тырысуда.