Париждегі 400 жылдық тарихы бар ең көне жабық базар өртеніп кетті

АСТАНА. KAZINFORM – Парижде болған ірі өрт салдарынан Франция астанасындағы ең көне жабық азық-түлік базары – Анфан-Руж (Marché des Enfants Rouges) толықтай жойылды, деп хабарлайды BBC.

Старейший крытый рынок Парижа уничтожен пожаром
Фото: Reuters

1615 жылы негізі қаланған бұл базар көше тағамдарымен танымал болған және әлемдегі ең үздік он базардың қатарына тұрақты түрде еніп келген.

Француз БАҚ-тарының мәліметінше, өрт түнгі сағат үш шамасында басталған. Бірнеше сағат өтсе де, өрт сөндірушілер жанып кеткен нысанның қалдықтарын сумен салқындату жұмыстарын жалғастырған.

Әзірге өрттің шығу себебі анықталған жоқ.

– Біз оқиға орнына жеткен кезде өрт күшейіп кеткен еді. Жалын жабық базардың бүкіл ішкі аумағын шарпыды, – деді өрт сөндіру қызметінің өкілі Пьер де Бувье.

Оның айтуынша, тілсіз жау 1000 шаршы метр аумаққа жайылған.

– Базар толықтай қирады. Ғимараттың өзі де, металл құрылымдары да түгел жойылды. Құтқарушылардың басты міндеті өрттің базар үстіндегі тұрғын үйлер мен дүкендерге таралуына жол бермеу болды, – деп түсіндірді ол.

Оқиға орнына таңертең ерте келген Париждің орталық аудандарының мэрі Ариэль Вейль Le Parisien басылымына базардың толығымен жанып кеткенін айтты.

– Қазір таңғы сағат жеті. Адамдар мен саудагерлер келе бастады. Анфан-Руж базары толығымен жойылды, түгі қалмай өртеніп кетті, – деді ол.

Мэр өрт сөндірушілердің жедел әрекетінің арқасында жалынның көршілес ғимараттарға таралуына жол берілмегенін атап өтті.

– Абырой болғанда, өрт сөндірушілер өте жылдам жетті. Көптеген арнайы техника жұмылдырылды. Оның үстіне олар бұл аумақты жақсы біледі. Соның арқасында бұдан да ауыр зардаптың алдын алуға мүмкіндік туды, – деді Ариэль Вейль.

Айта кетейік, бұған дейін Францияның солтүстік-шығысындағы Мец қаласында орналасқан Франсуа Рабле колледжінде өрт шыққаны хабарланған болатын. Оқиғаға байланысты қасақана өртеу нұсқасы қарастырылған.