Паралимпиада ойындарында қола жүлде алған атыраулық парадзюдошыларға көлік берілді
АТЫРАУ. KAZINFORM – Париж Паралимпиадасында атыраулық парадзюдошылар Зарина Райфова мен Жұрқамырза Шүкірбеков қола жүлде алған еді. Жүлдегерлер мен олардың бапкері Жандос Қияновқа көлік берілді.
Атырау облысында мүмкіндігі шектеулі 1 367 адам спортпен шұғылданады. Оның ішінде 16 параспортшы Париж Паралимпиадасында спорттың бірнеше түрінен – парадзюдо, паратаеквондо, волейболды отырып ойнау, параүстел теннисі және паражеңіл атлетикадан сынға түсті.
Мәселен, паратаеквондодан Нұрлан Домбаев пен паражеңіл атлетикадан Гүлбақыт Қайыржанова үздік бестікке енді. Волейболды отырып ойнаудан ұлттық құраманың сапына атыраулықтар Қуаныш Тәжіков, Бауыржан Сартаев, Пердебай Намұратов, Ақылбек Шікібаев, Берік Ізмағанбетов, Жанғали Сүйеуов, Нұртау Мұқанбетқалиев пен Ерлан Битеміров кірді. Олар командамен бірге бесінші орынға ие болды. Парадзюдодан бақ сынаған 5 парадзюдошының екеуі – Зарина Райфова мен Жұрқамырза Шүкірбеков Паралимпиаданың қола жүлдегері атанды.
Облыс әкімі Серік Шәпкенов XVII жазғы паралимпиада ойындарының жүлдегерлері мен қатысушыларын спорттағы жоғары жетістігімен құттықтады.
«Сіздер Париж Паралимпиадасындағы жетістіктеріңізбен жастарға үлгі көрсеттіңіздер. Атырау жұртшылығы да ел намысы жолында аянбай тер төгіп, биік мақсатқа көз тіккен өздеріңізді мақтан тұтады. Алда алар асу биік болып, жүлделеріңіз көбейсін», - деді Серік Шәпкенов.
Әкім Атырау спортын дамытуға үлес қосып жүрген спортшыларға Алғыс хат пен ақшалай сертификат тапсырды. «Infinity Eco Park» компаниясы Париж Паралимпиадасының қола жүлдегерлері Зарина Райфова мен Жұрқамырза Шүкірбековке, олардың бапкері Жандос Қияновқа «Zeekr» автокөлігін сыйға тартты.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын атыраулықтар Париж Олимпиадасынан оралған Әбиба мен Эсмигүлге көлік сыйлағанын жазған едік.