Париждегі атыс пен жарылыстар салдарынан кемінде 40 адам қазаға ұшырады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жұма күні Париждегі атыс пен жарылыстар салдарынан кемінде 40 адам қазаға ұшыралды. Бұл туралы Париж полициясының префектурасы хабарлады.
Франция президенті Франсуа Олланд сыртқы істер министрі Бернар Казевпен Париждегі атыс пен жарылыстарға байланысты кеңес өткізуде. Кездесуге премьер-министр Манюэль Вальс, ІІМ басшысы Бернар Казнев және бірқатар басты министрлер қатысуда.
Жарылыстар жұма күні Парижде Франция мен Германия құрамалары арасында жолдастық футбол матчы өтіп жатқан Stade de France стадионының маңында болды. Бұл туралы BFM TV телеарнасы хабарлады. Оның мәліметтеріне қарағанда, матчты Франция президенті Франсуа Олланд тамашалаған.
Бұдан бұрын телеарна Париждің солтүстігінде «Кіші Камбоджа» мейрамханасында атыс болғанын хабарлады. Оның мәліметтеріне қарағанда, автоматтан бір немесе бірнеше адам оқ жаудырған. Оқ атқандарды ұстаудың сәті түспеді.
Төтенше оқиға орын алған жер осы жылғы қаңтар айында лаңкестер сатиралық Charlie Hebdo апталығының журналистерін атқан ғимараттың маңында болған.
Мейрамханаға полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем келді, деп хабарлады ТАСС.
BFM TV мәліметтері бойынша, атыс Париждегі Bataklan үлкен концерт залы орналасқан жердің маңында болған, бұл кезде онда үлкен рок-концерт өтіп жатқан еді. Француздық БАҚ мәліметтерінше, залда адамдар кепілге алынған.